ФОЛЛОВЕР САНЫН АҚЫҒА АРТТЫРУДЫҢ ҮКІМІ
بِسْمِ اللهِ الرَّحْمَنِ الرَّحِيمِ
اَلْحَمْدُ للهِ رَبِّ الْعَالَمِينَ وَالصَّلاَةُ وَالسَّلاَمُ عَلَى سَيِّدِنَا مُحَمَّدٍ وَعَلَى آلِهِ وَأَصْحَابِهِ أَجْمَعِينَ وَأَمَّا بَعْدُ
Аса Қамқор, ерекше Мейірімді Алланың атымен бастаймын.
Барша мадақ атаулы әлемдердің Раббысы Аллаға тән. Адамзаттың ардақтысы пайғамбарымыз Мұхаммедке оның отбасы мен сахабаларына салауат пен сәлем болғай!
Фолловер (follower) – бұл әлеуметтік желіде белгілі бір парақшаға жазылып, жариялаған жазбаларды, фото-видео контентті бақылап отыратын қолданушылар.
Қазіргі таңда көптеген адамдар мен компаниялар өз парақшаларын насихаттау мақсатында түрлі ұсыныстарға жүгінеді. Бұл ұсыныстар тіркелушілер, оқырмандар, лайктар, пікірлер және тағы басқа нәрселердің санын арттыру жолымен жүзеге асады. Парақша иелері фолловер санын арттыру үшін арнайы қызмет көрсетушілермен келісімшарт жасап, оған белгілі бір ақы төлейді.
Әлеуметтік желідегі парақшаларда фолловер санын арттыру негізгі екі көріністе жүзеге асады:
- Фолловер санын шынайы жазылушылар арқылы жүзеге асырады. Яғни қызмет көрсетуші тарап белгілі бір аккаунтты, парақшаны, жазбаны немесе соған ұқсас нәрсені жарнамалап, оны кеңінен таратуды өз мойнына алады. Бұл жарнаманы бірнеше рет жариялау арқылы ол мүмкіндігінше көп қолданушыға қол жеткізіп, олардың қаралымын, лайк басу ықтималдығын арттырады. Осылайша ол компания, яғни тапсырыс беруші тараптың көздеген мақсатына қол жеткізуге көмектеседі.
Бұл жағдайда көрсетілген қызметке ақы төлеу жұмысқа жалдау келісіміне ұқсайды. Ал шариғатта біреуді белгілі бір қызмет көрсетуге жалдауға рұқсат етілген [1].
- Фолловер саны жалған (бот) аккаунттар арқылы жасалады. Бұл – нақты адамдардың тіркеліп, лайк басуы емес, қолдан жасалған шындыққа жанаспайтын әрекет. Шариғатта бұған тыйым салынады. Себебі ол іс-әрекет алдамшылық әрі оған төлемақы алу кісі ақысын жеу болып саналады[2]. Алла Тағала Құранда былай дейді:
وَلَا تَأْكُلُوا أَمْوَالَكُم بَيْنَكُم بِالْبَاطِلِ
«... және өз араларыңда мал-мүліктеріңді әділетсіз түрде жемеңдер»[3].
Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) былай дейді:
من غشَّنا فليس منَّا
«Кім бізді алдаса, ол бізден емес»[4].
Егер тапсырыс беруші бұл жалған әрекетті өзі біле тұра тапсырыс берсе, мұндай жағдайда күнәнің ауырлығы арта түседі. Өйткені ол өз парақшасын қолданушылардың алдында шын мәнінде жоқ сипаттармен көрсеткісі келеді. Бұл музәууир «өтірікші, жалған құжат жасаушы, бұрмалаушы» болып есептелгендіктен шариғатта оған тыйым салынған[5]. Ал мұсылман адам адалдық пен шынайылықты ұстанып, еңбегін таза жолмен табуы тиіс.
Шешім:
- Әлеуметтік желідегі парақшаларда фолловер санын шынайы қолданушылар арқылы (шариғатқа қайшы келмейтін жолдармен) арттыруға және мұндай жағдайда көрсетілген қызметке ақы төлеуге рұқсат етіледі.
- Фолловер санын жалған, бот аккаунттар арқылы арттыруға әрі оған ақы төлеуге тыйым салынады.
[1] Шауқи Ибраһим Әлләм, «Хукму бәйғи әл-ләйкәт», Мысыр пәтуа комитетінің ресми сайты, №4296 пәтуа, 2018 ж.
[2] https://www.dar-alifta.org/ar/fatwa/details/14282/%D8%AD%D9%83%D9%85-
[3] «Бақара» сүресі, 188-аят.
[4] Ибн Хиббан, №5559. Табарани, №10234.
[5] Нәуауи, «Шарху сахихи Муслим», 14/110.