Ислам әлемінде, мұсылман халықтарында өзіне тән, Айға негізделген арнайы күнтүзбе бар. Ол – «хижра күнтүзбесі» яки «хижра жыл санауы» деп аталады. Хижра күнтүзбесі Пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) Меккеден Мединаға қоныс аударған кезінен бастау алады. Бұл кезең мұхаррам айының кіріп келуімен тұспа-тұс келеді.
Биыл, Алланың қалауымен, 1440-ыншы жылға аяқ бастық. Алланың ұлы нығметі болған Ислам діні мен Оның хақ кәләмі Құран Кәрімнің түскеніне бірнеше жылда ХV ғасыр толғалы отыр. Бұл – адам баласының шынайы сенімге ие болып, жаратқан Құдайын танып, екі өмірлік игілік пен бақытқа кенелгеніне осынша уақыт болды деген сөз.
Жоғарыда айтқанымыздай, мұхаррам айы – мұсылман күнтүзбесінің алғашқы айы болып есептеледі. Құранда аты аталатын қасиетті төрт айдың бірі. Пайғамабарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) бұл айды «Алланың ерекше сыйына» балаған. Мүслім риуаят еткен хадисте Алла елшісі:
«Рамазан оразасынан кейінгі ең абзал ораза – Алланың айы мұхаррам айында тұтылған ораза», – деп айтқан.
Сонымен қатар, бұл айда мұсылмандар үшін үлкен маңызға ие Ашура күні бар. «Ашура» сөзі аты айтып тұрғандай «оныншы» деген мағынаны білдіреді. Яғни Ашура күні – мұхаррам айының оныншы жұлдызы. Сондықтан Пайғамбарымыз бұл күннің құрметіне орай үмбетін ораза тұтуға шақырып, сауабы мен қарымтасын сүйіншілеп былай деген:
«(Ашура күні тұтқан ораза) Өткен жылдың күнә-қателіктерін өшіреді». Мүслім риуаят еткен.
Ханафи мазһабы бойынша Ашура оразасы сүннет болып табылады. Тағы бір ескере кететін жайт, Ашура күнін жеке тұтпай, оған алдыңғы немесе кейінгі күнді қосып тұту керек. Бұған Алла Елшісінің (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) мына бір хадисі дәлел:
«Ашурада ораза тұтыңдар және яһудилерге керісінше жасап, алдыңғы не кейінгі күнді де тұтыңдар».
Сөз соңында айтарымыз, Алла Тағала біздің осы айда жасаған барлық құлшылықтарымыз бен ізгі ниеттерімізді өз құзырында қабыл алып, кіріп келген жаңа хижра жылын Қазақстан халқы мен мұқым мұсылман үмбетіне құтты да берекелі, жеңісті де жемісті, ынтымақты болуын нәсіп етсін дейміз. Әмин!